Thursday, March 9, 2017

АНА ӨСИЕТІН АРДАҚ ТҰТҚАН

Гүлжаһан ОРДА, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д.

АНА ӨСИЕТІН АРДАҚ ТҰТҚАН

(Дүрнәм Мәшүрованың «Ана мирасы» романы туралы)


Қазақстан халықтарының әдебиеті ішінде көп зерттелгендерінің бірі – ұйғыр әдебиеті. Қазіргі ұйғыр әдебиеті тағы бір романмен толығып отыр. Ұйғыр жазушысы, драматург Дүрнәм Мәшүрованың «Ана мирасы» атты романының негізінде ұйғыр театрында осы аттас драмалық шығарманың қойылымы жүріп жатыр. Ал, романды қазақ тілінде сөйлеткен – ақын, аудармашы Дәулетбек Байтұрсынұлы бауырымыз. Аудармашының ұйғыр халқының тарихы мен мәдениетін, ұлттық этнографиясын жақсы білетіндігі аталған шығарманың өн бойынан анық көрініп тұр. Романның сәтті аударылуының негізгі себебі де осында болса керек. Ендеше шығармаға үңіліп көрелік.

ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы ел басына түскен ауыр күндерден басталған оқиға желісі қазіргі таңға дейінгі аралықты қамтиды. Үш ұрпақтың басынан өткен айтулы оқиғалар сол дәуірдің көркем шежіресі ретінде танылған. Апалы-сіңлілі Майсимәм мен Гүли төңірегінде жүріп жататын оқиғалар желісі бір әулеттің басынан өткен тарихы негізіндебір дәуірдің шындығы шынайы бейнеленген.

Отызыншы жылдары қазақ даласын әбжыландай аралаған ашаршылықтан бір пенде де аман қалмағанын бір ауыл тұрғындарының аштықтан бұратылып, әлсіреп ұйықтап кете беретін нәубетімен бейнеленген. Халқым дегендердің «халық жауы» болып, елім дегендердің Итжеккенге айдалып кеткен кезінде олардың артында қалған отбасының жағдайы одан да мүшкіл болғанын тарихтан білеміз. АЛЖИР-дегі аналардың аянышты тағдырын жазушы ел ішінде жүрген Алахан, Гүли, Тажигүл тәрізді аналарымыздың тағдыр талайына сыйғызған. Туған ауылдарынан жат жерге қоныс аударғанда шиеттей балаларын асырау үшін жоқтан бар жасаған аналардың саз балшықты илеп тандыр жасауы – аналардың бауыр еті балалары үшін неге болса да даяр екендігін ұғындырған. Жасынан ерте қартайып, екі-үш айдың ішінде қайыстай болып қатып қалған аналардың өз аузынан жырып, тапқанын балапандарының аузына тосуы да өмір шындығы. Қыстың күні қырауда жағарға отын, ішерге тамақ таппай отырған Ажар ананы өз балаларына бас-көз етіп, бірге тіршілік түзеген Гүлидің жанкешті тірлігі Тәжигүл тағдырымен толыға түскен. Өзінің үш баласына, урушаң келіншектің екі баласын қоса асыраған жанның жанкештілігімен екі әулеттің аман қалғаны шындық.

«Халық жауы» ретінде жазықсыз айыпталғандардың бірсыпырасы өлім жазасына кесілсе, енді бір парасы Сібірге жер аударылып, ауыр еңбектен титықтап сүйектен өткен суықтан үсіп өлсе, аман қалғандары табанынан өткен суықтан айықпас дертке шалдыққан жандар екенін роман кейіпкерлері растайды. Кебін киіп кетіп, елге оралмаған азаматтарды Тайырдың қазасынан көрсек, кебенек киіп кетіп елге арып-ашып, тірі аруақ болып, бір-біріне сүйене сүйретіліп сүйегі жеткен Қасым мен Асқардың Қиыр шығыстағы бес жыл тартқан азапты өмірі – «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді», «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледінің» мысалы.

Суреттеуден гөрі баяндауы басым публицистикалық стильде жазылған романның тілі қарапайым, жеңіл оқылады. Романды этнографиялық бояуы қалың, тәрбиелік-танымдық шығармалар қатарына жатқызуға болады. Оның төмендегідей бірнеше себептері бар. Жазушы ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тәптіштеп түсіндірумен аналардың кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған мұрасын кейіпкерлердің диалогы арқылы жеткізген. Кішкентай Меһрибанның анасына қойған сауалдарымен көптеген ғұрыптарға толыққан сипаттама берілген. Осындай бір мысал адамды соңғы сапарға шығарып салуға байланысты эпизодтан көрінеді. Әйел адам өмірден өткенде көрші-қолаңдар мен туған-туыстарға ине-жіп, бір дана шәй және көйлектік мата, жыртысүлестіретінін білеміз. Осының мәнісін сұраған қызына анасыкүнделікті өмірде қазан-ошағы араласып жататын көршілердің, туыстардың кейде ұмытып кететіні осы ине-жіп, шай тәрізді ұсақ-түйектер болады. Кезінде қайтарылмай, ұмытылып кеткен дүниелер марқұмның мойнына қарыз болмасын деп артында қалған балалары таратып жататындығы айтылады.

Тағы бір мысалды ұзақ сапарға аттанған жанға нан тістетіп алып қалудан көруге болады. Ағаларымыз әскерге кетіп бара жатқанда аналарымыз балаларына нан тістетіп алып қалатынын, сол нанның екі жыл бойы көз алдымызда шүберек дорбашада ілініп тұратынын көріп өстік. Жазушы осы ырымның мәнін өз кейіпкерлерінің тағдырларымен бейнелеген. Ұлы Отан соғысы басталғанда Сағадаттың жігіті Тұрсынға тандыр тоқаштың шетінен тістетіп алып қалғанын, он тоғыз жыл сақтаған тоқашты Тұрсын оралғанда екеуі еткен шайға салып жібітіп жеп отырғанына кезігеміз. Қазақта «Адам шақырса барма, дәм шақырса қалма» деген мақал бар. Бір өлімнен қалып, от пен оқтың арасынан аман шыққан Тұрсынды елге шақырып тұрған осы нан, яғни дәм шақырып тұрғанын жазушысүйгені Сағадат, баласы Аманжанмен кездесуі арқылы нанымды бейнелеген.

Романның өн бойынан адам баласының дүние есігін ашқанынан бастап, мәңгілік сапарға аттанғанына дейінгі аралықтағы ұлттық салт-дәстүрлерін үйлену тойына қатысты оқиғалардан көрсек, мұң-шерге қатысты ғұрыптар соңғы сапарға шығарып салу рәсімдерімен нанымды суреттелген. Әдет-ғұрыптың әдемі бір көрінісі – аналар шайы. Майсимәм апаларының орнын
жоқтатпай, Сағадат пен Ранә жеңгесінің Меһрибанға аналар шайын өткізіп беруі, жиналған аналардың Алладан перзент сұрауы, оның жүкті болуы – көп тілегі көл екендігін, батамен ел көгеретінін байқатады.

Қырқыншы жылдардағы тыл өмірі сұрықсыз, сүреңсіз қалпында бейнеленген. Белі қатып, буыны бекімеген балалар мен нәзік жанды қыз-келіншектерге колхоздың бар шаруасы қарап қалғаны – сұрапыл жылдардағы ел өмірінің шынайы көрінісі. Қаһаған қыс пен аспан айналып жерге түскендей жаздың ыстық күндерінде күні-түні егіс даласында жер жыртып, шөп шауып, егін орып жүретін тракторшы Құрбанның асқынған дерттен қаза табуы, мектеп оқушыларының бірнеше шақырым жерге аудан орталығына жаяу қатынап оқитыны – кеңестік қоғамда адам өмірінің екінші планға шығып, олардың еңбектері бірінші кезекке қойылғандығының мысалы. Дерті асқынып кеткенҚұрбанның қыршын өлімі «күші адал, еті харам» деп есекке қаратыла айтылатын мақалға жан бітірген. Ауылдан 7 шақырым жердегі МТС-қа таң қарағысынан жаяу кетіп, жатар орынға сүйретіле жетіп, төсегіне құлай кететін Құрбанның бейнеті – сұрапыл жылдардағы тылдағы азаматтардың жанкештілігін танытатын эпизодтар. Құрбан өлімі – адамның тынымсыз адал еңбегінің көзі тірісінде бағаланбайтындығының белгісі.

Романда көзге түсетін үлкен мәселенің бірі – махаббат. Оны үш баламен жесір қалған Гүлидің Тайырға деген адал махаббатынан, Мәрийямның Әділге деген сезімінің пәктігінен, Сағадат пен Тұрсын арасындағы үлкен сезімнен байқаймыз. Он тоғыз жыл ақыл-есінен айрылып қалған Тұрсынды жетелеп жүрген де сүйгеніне деген сезімі болса, оның Сағадатты көргенде естен танып қалуы – соның көрсеткіші. «Бүйтіп тірі жүргенше, өлгенім артық» деп аңсаған әлеміне жүріп кететін Мәрийям – қырқыншы жылдары қортық Қадір тәрізді колхоз бригадирлерінің зорлығымен, қорлығымен шерменде болған әйелдердің жиынтық бейнесі. Мәрийям бейнесі мұсылман әйелдерінің ақ некеге деген адалдығын, пәктігін танытумен бірге аналар бейнесін асқақтатып тұр.

Тағы бір ерекше атауды қажет ететін мәселе – қырқыншы жылғы келіншектер образы. Гүли, Мерванәм, Зейнепхан, Мәрийәмдар – қырқыншы жылғы келіншектердің жиынтық бейнесі. Күн ұзаққа егіс даласында жүретін жандардың су суғаруға түнгі кезекке түсуі, сондай түндердің бірінде қортық Қадірдің жемтігіне айналуы өмір шындығы болса, жарлары майданда жүрген жүректері жаралы жандарды зорлауға баратын Қадір де қырқыншы жылғы колхоз бригадирлерінің типтік бейнесі екені жасырын емес. Бүкіл колхоздың бейнетін көтерген нәзік жанды келіншектерді Алла тағаланың қауқарсыз етіп жаратқанын көргенде еріксіз күйінесің. Қорқау қасқыр тәрізді ұйқыда жатқан келіншекті қой сүйреген қасқырдай сүйреп бара жатқанын көргендеқортық Қадір сынды көрсоқырларға лағнет айтасың. «Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, ұйқыға кеткен келіншектерге жігіттік жасамақ болған Қадірге құрбы келіншектердің құрған тұзағы оның өмір бойы мүгедек болып қалуына алып келеді. Жазушы қолыңмен жасағанды мойныңмен көтеру керектігін Қадір тағдырымен суреттеген. Соғыс жылдарында қыз-келіншектерге қырғидай тиіп, нәпсінің құлы болған жанның жеңіске жеткен жауынгерлер елге орала бастағанда Әділден қорқып асылып қалуы – ар алдындағы дар ретінде бейнеленген.

Соғыстың салған жарасы елге мүгедек болып оралған Махмұт пен Тұрсын өмірімен шынайы суреттелген. Жайшылықта әділ, жомарт, турашыл, ер мінезді Махмұттың ұсақ-түйекке бола өзін ұстай алмай, қалшылдап шыға келетіні оның контузия алғандығымен түсіндірілген. Жиырма жастағы жігіттердің майдан даласында көрген қанды соғыстары өмір бойы оларды мазалап, елес болып қыр соңдарынан қалмайтыны шындық. Жазушы соғыс біткеннің адамзат баласына келтіретін зиянын Ұлы Отан соғысынан мүгедек болып оралған Махмұт пен Тұрсын өмірімен суреттесе, Полина апаның жалғыз баласының Ауған соғысынаекі аяғын беріп келуі – соғыстың ешкімді аямайтындығы. Өмір мен өлім бетпе-бет келгендегі жан үшін арпалыс мүгедектердің айықпас дерттерінен менмұндаласа, Меһрибан мен Рус арасындағы әңгімеден Американдықтардың Ветнам соғысынан тапқан тауқыметін аңғарамыз.

Романдағы қазақ пен ұйғыр халқының арасындағы достық Тұрсын тағдырына қатысты өрбиді. Қиын-қыстау заманда қолында барын бөліп жеп, екі бөлме болса соның бірін, бір бөлмесінің бір бұрышын бөліп беріп, мыңдаған жандарды ажал тырнағынан аман алып қалған кең пейілді қазақ халқы екені осында мекен етіп жатқандарға белгілі. Осындай бір мысалды аталған романнан да көреміз. Майдан даласында ауыр жарақаттан ес-түсінен айырылып жатқан мұсылман жігітінің өткенінің бәрін ұмытып, өзінің кім екенін білмей қалуы өкінішті. Жеңіске жетіп, жауынгерлер елге қайтып жатқанда қазақ жігіті Болаттың досын батыс жеріне тастамай шығысқа алып келуі, елге келген соң оның әке-шешесі бұл бізге Алланың берген баласы ғой деп оны Құдайберген атап кетуі, Құдайбергенді он тоғыз жыл өз балаларынан бөлмей бірге өсіруі – қонақжай қазақ халқының бауырмалдығы, адамзаттың бәрін бауырым деп сүйетіндігі, мұсылман баласына деген жанашырлығы. Осы қатарды қалада тұратын Сағадаттың баласы Аманжанмен бірге оқитын студент жолдастарына деген қамқорлығы толықтырады. Үйіне келген Зылиқа мен Болатты танымаса да қабақ шытпай қонақ етуі – ұйғыр халқының қонақжайлылығын танытса, елден келген қазақтардың сүрленген етті бұрқыратып асып, ортаға қойып алқа-қотан отыруы – олардың арасындағы үлкен достықтың көрінісі еді.

Ес білгеннен не нәрсеге де аса көңіл қоя білетін еңбекқор Меһрибанның болашақты болжай білетін қасиеті оның тегін адам емес екендігін байқатады. Бала күнінде сүйекшілерге ілесіп көппен бірге бейіт басына баратын Меһрибан – Алла тағаладан қасиет қонып, әкесінің әруағы желеп-жебеп жүретін жан. Мектепте жүргенде күздің қара суығында аяғы малмандай су болып, кешке дейін сабақта отыратын Меһрибанның өмірде жеткен жетістіктерінің барлығы дерлік оның еңбекқорлығымен келгені белгілі. Меһрибан мен Сейітжанның Алладан сұрап, аналардың батасымен дүниеге келген қызы Самийәның Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасымен Америкада оқып жатуы – батамен ел көгеретінінің мысалы. Кішкентайынан ауыр азапты күндерді басынан кешірген кейіпкердің роман соңында ұшақта Руспен әңгімелесіп отыруы – бүгінгі бейбіт өміріміздің көрінісі.

Жазушы жекелеген кейіпкерлер, жекелеген оқиғалар арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аудара білген. Мәселен, Саин көшесін жағалап жүріп, бес бауыры мен әке-шешесін асыраған Айнұрдың СПИД-ке шалдығып, ұяттан өртеніп жүре алмай, ауылға барған соң асылып қалуы – өмірден алынған шындық. Бұл – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қасіретіне
айналып отырған дерт. Сол тәрізді шалғайдағы шағын ауылдардың жағдайын көтеру, ауыл өмірін қала тіршілігіне жақындату мәселесі де бүгінгі қоғамның кезек күттірмес проблемасы.

Қорыта айтқанда, Қазақстандағы қазақ пен ұйғыр халықтарының арасындағы мызғымас достықты паш еткен, ұйғыр халқының ұлттық болмысын әлемге танытқан, «Малым – арымның садақасы» дейтін мұсылман халқының болашақ ұрпағын тәрбиелеп отырған аналарының көркем галереясын жасаған, бүгінгі тәуелсіздігіміз жолында шаһид болған арыстарымыздың қилы тағдыры арқылы ХХ ғасырдағы тарихи оқиғаларға жан бітірген, Үлкен Шыған ауылындағы ата-аналардың мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізген шығарманың ғұмыры баянды болмақ.

No comments: